Date of publication: 17.12.2024 10:09
Date of changing: 17.12.2024 10:11

Мемлекеттік қызметшілердің моральдық - этикалық құндылықтары.

 

 

Мемлекеттік қызметшілердің этикалық мінез-құлқы және олардың қызметтік міндеттеріне қатысты әділдік деңгейі қоғамның жалпы жағдайын, олардағы сыбайлас жемқорлық деңгейін, инвестициялық ахуал жағдайын және т.б. маңызды көрсеткіштердің бірі болып табылады.

Моральдық-этикалық құндылықтарды дамыту арқылы мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру идеологиялық, саяси және мәдени аспектілерді қамтиды. Бұл мемлекеттік қызметшінің кәсіби біліктілігін ғана талап етпейді. Ол көптеген әлеуметтік топтар үшін тартымды, қолайлы имиджге ие болуы керек. Демек, мемлекеттік қызметшілердің имиджі, ең алдымен, мемлекеттік органдарда қызмет ететін лауазымды тұлғалардың имиджін құрайтын тікелей және жанама сипаттарынан қалыптасады. Оның қалыптасуы күрделі және ұзақ процесс. Мемлекеттік қызметшінің жұмысы мен тәртібі қашанда ашық. Оның бейнесі мемлекет бейнесінің бір бөлігі. Мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік органдар басшыларының жұмысы тұтастай алғанда биліктің тиімділігін, олардың халық алдындағы жауапкершілігінің деңгейін бағалайды. Бұл мемлекеттік қызметшілерге жүктелетін жоғары жауапкершілікті білдіреді.

Мемлекеттік қызметшінің бейнесі адамның сыртқы және ішкі мазмұны мен психологиялық формаларынан құралады, уақыт пен қоғам сұранысына сай келеді.

Жағымсыз бейне өз кезегінде жүйеде мемлекеттік билік пен халыққа байланысты, яғни мемлекет пен қоғам арасындағы мәселелердің туындауы мен дамуына әсер етеді. Мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастырудың мақсаты – билік құрылымдарының тиімді жұмыс істеуі емес, оның жұмысының тиімділігін барлық азаматтарға дәлелдеу.

Ал, осыған орай, Әдеп кодексі халықтың мемлекеттік қызметшіге деген сенімін арттыруға, мемлекеттік қызметшінің моральдық-этикалық бейнесіне жоғары талаптар қоюға бағытталған. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақытта, еңбек жағдайында, жұртшылық алдында сөз сөйлеу кезінде қозғалуы, өзін-өзі бақылауы сияқты жалпы мінез-құлық стандарттарын белгілейді.

Жұртшылықпен қарым-қатынас жасауда мемлекеттік қызметшінің сыртқы келбеті мен адамгершілік қасиеттері маңызды рөл атқарады. Сондықтан барлық мемлекеттік қызметкерлерге пара, сыйлық алу фактілеріне жол бермеу, әлеуметтік желілерде жағымсыз фотосуреттерді жарияламау туралы үнемі ескертіп отыру қажет.

Кез келген мемлекеттік қызметші мынадай міндеттерді орындауға міндетті: біріншіден, басшылар қарамағындағы лауазымды тұлғалар тарапынан бұзушылықтардың алдын алу үшін жүйелі түрде профилактикалық шаралар қабылдауы керек. Екіншіден, жұмыстан тыс уақытта алкогольді ішімдіктерді ішетін үйірмеге қатысуды шектеу керек. Үшіншіден, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» Заңдарының және Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын бұзбау, сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтау және жолын кесу. Төртіншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау, соның ішінде сыйлықтарды қабылдамау.

Билік құрылымдарының сыртқы келбетін жақсы жаққа өзгерту осы құрылымдарға деген көзқарасты да өзгертеді, мемлекеттік билік жұмысының тиімділігін арттырады. Әрине, бұл өзгерістер халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырып қана қоймай, жалпы мемлекетке деген сенімін арттырады. Ал өз елінің сенім артқан азаматтары болашаққа сеніммен қарап, өз елінің әл-ауқатын арттыруға бар күш-жігерін салады.

 

Жетісу облысы бойынша МКД Этика жөніндегі уәкіл Н.А. Баймулдинов