Жарияланған күні: 19.04.2024 11:37
Өзгертілген күні: 19.04.2024 15:13

Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі - басшының орынбасары Шайкенов Сапар Сатаевич болып тағайдалды.

Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этиканы сақтау саласындағы заңнамадағы жаңалықтардың бірі - Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы No153 Жарлығымен бекітілген (Әдеп кодексімен бір мезгілде) Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ереже болды.

Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация беретін мемлекеттік қызметші.

Әдеп жөніндегі уәкіл өз қызметінде "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңдарын, Әдеп кодексін, Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ережені, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерін басшылыққа алады.

Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары басшылық қызмет атқаратын, сондай-ақ ұжымда қадірлі және құрметке ие болған мемлекеттік қызметшіге жүктеледі.

Әдеп жөніндегі уәкіл өз құзыреті шегінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетеді;

      2) мемлекеттік қызметшілердің заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауына ықпал етеді;

      3) өзі жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығының тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды;

      4) ұжымда жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларына сәйкес келетін өзара қатынастар мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдеседі;

      5) мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда, оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды;

      6) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асырады;

      7) мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері басшыларының қызметтік әдеп нормаларын бұзу деректері бойынша тиісті шараларды қабылдамау жағдайлары туралы мемлекеттік органның басшылығына хабарлайды;

      8) мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын және Әдеп кодексін бұзған жағдайларда, құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен шарттарды талдайды және мемлекеттік органның басшылығына оларды жою туралы ұсынымдар енгізеді;

      9) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын және Әдеп кодексін бұзу профилактикасы және оған жол бермеу, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің оң бейнесін қалыптастыру мақсатында азаматтық қоғам институттарымен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      10) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын және Әдеп кодексін сақтау мәселелері бойынша мемлекеттік қызметшілермен түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізеді;

      11) заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті лауазымды адамдарға қызметтік әдеп нормаларын бұзуға жол берген мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін қарау туралы ұсыныммен жүгінеді;

      12) қызметтік әдеп нормаларын бұзудың профилактикасы мақсатында өзге де қызметті ұйымдастырады.

Мемлекеттік орган басшыларының бейтараптығы негізді күмән тудыратын, лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше орындамауға әкеп соғатын мән-жайлар (мүдделер қақтығысы) болған кезде әдеп жөніндегі уәкіл өз қызметін дербес негізде жүзеге асырады.

Әдеп жөніндегі уәкіл өзінің функцияларына жататын мәселелер бойынша мемлекеттік қызметшілерді және басқа да азаматтарды олардың өтініші бойынша баршаға көрінетіндей жерде орналастырылған кестеге сәйкес қабылдадайды.

Қажет болған жағдайда, азаматпен немесе мемлекеттік қызметшімен әңгімелесу телефон арқылы не тиісті ақпарат беруді қамтамасыз ететін басқа да коммуникациялар құралдарын пайдаланумен жүргізілуі мүмкін.

Қызметкерлер мен азаматтар проблемалық жағдайларды шешу, әріптестерімен қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға көмек беру үшін этика жөніндегі уәкілге жүгіне алады.

Мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының негізгі стандарттарын белгілеу және олардың сақталуын жүйелік бақылау, мемлекеттік қызметтегі қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың алдын-алу адамдардың мемлекетке деген сенімін арттыруға көмектеседі.

 

Мемлекеттік қызметшілердің әдеп мәселелері бойынша мына мекен-жайға хабарласуға болады: Талдықорған қ., Жансүгіров к-сі, 113, 430 каб., Телефон                  8 (7282) 24-12-81. Электрондық пошта мекен-жайы: sapa.shaikenov@kgd.gov.kz