
Микро және шағын бизнеске салықтық жүктемені азайту. 2026 жылы — «таза парақтан»
Жаңа Салық кодексіне бейімделу кезеңінде фискалдық жүктемені төмендету мақсатында микро және шағын бизнес үшін салықтық әкімшілендіруді жеңілдету туралы шешім қабылданды.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап осы санаттағы бизнеске 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңдер бойынша салықтық әкімшілендірудің жекелеген мәселелері бойынша жеңілдіктер енгізіледі.
Енгізілетін қолдау шаралары:
Өткен жылдардағы салықтар бойынша салықтық тексерулер саны азаяды:
- камеральдық тексерулер (есептілікті автоматты түрде тексеру) жүргізілмейді;
- аталған кезеңдер бойынша салықтық тексерулер тағайындалмайды.
Бұл шаралар 2025 жылғы 17 желтоқсаннан кейін ұсынылған салықтық есептілікке (яғни қосымша есептіліктерге, 2025 жылдың IV тоқсаны мен II жартыжылдығы үшін тапсырылатын кезекті есептіліктерге), бейрезиденттерге қатысты міндеттемелерге, қылмыстық істер мен прокуратура органдарының талаптары болған жағдайда, сондай-ақ кәсіпкердің өзінің шағымы негізінде жүргізілетін тексерулерге қолданылмайтынын білу маңызды.
Сотқа:
- 2026 жылға дейін микро және шағын бизнес арасында жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арыздар беру бойынша;
- 2026 жылға дейін жүргізілген бизнесті тіркеу немесе қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы талап-арыздар беру бойынша жүгіну тоқтатылады.
Оңайлатылған тарату.
Салық төлеушілер үшін қызметті жеңілдетілген тәртіппен тоқтату (2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салықтық кезеңдер бойынша) камеральдық бақылаусыз жүзеге асырылады.
Өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару.
Егер микро немесе шағын бизнес субъектісі 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша есепте тұрған салықтық берешекті (негізгі қарызды) 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында толық өтесе, онда оған:
- аталған берешек бойынша есептелген барлық өсімпұлдар;
- 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша есептелген салықтық айыппұлдар;
- бұрын төлеу мерзімдері өзгертілген салықтар мен төлемдер бойынша (оның ішінде оңалту және банкроттық рәсімдері шеңберінде) есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар, 2026 жылғы 1 сәуірге дейін міндеттемелер толық орындалған жағдайда, есептен шығарылады.
Мұны білу маңызды: кешірім тек өсімпұлдар мен айыппұлдарға ғана қатысты — негізгі салық сомасы толық төленуі тиіс.
Әкімшілік жауапкершілік.
Микро және шағын бизнес 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған айналымдар үшін міндетті түрде ҚҚС бойынша есепке қоймағаны үшін 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде салықтық есептілікті тапсырмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.
Кәсіпкерлер өткен кезеңдер үшін тексерулерсіз бизнесті алаңсыз жүргізе алады, себебі әкімшілік және қаржылық жүктеме төмендейді, нәтижесінде аталған санаттағылар салықтық дауларға емес, бизнесті дамытуға және жаңа кезеңді «таза парақтан» бастап ағымдағы процестерді түзей алады.
Қазіргі уақытта «Камеральды бақылаусыз ликвидация және қызметті тоқтату, сондай-ақ өсімпұлдар мен айыппұлдарды кешіру» ережелері әзірленіп жатыр және ашық НҚА порталында жарияланатын болады.
Осы шаралардың негізгі мақсаты — микро және шағын бизнесті қолдау, жүргізіліп жатқан реформаларға бейімделу кезеңінде көмек көрсету.




























