
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер туралы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2024 жылғы 1 шілдедегі № 108-VІІІ ҚР Заңы бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:
1) 207-бапта:
оныншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«10. Әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат берген жағдайда тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының не мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қойып сотқа жүгінбеуі немесе уақтылы жүгінбеуі - лауазымды адамдарға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.»;
мынадай мазмұндағы 10-1 және 10-2-бөліктермен толықтырылсын:
«10-1. Өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) демпингке қарсы соманы енгізбеу арқылы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарғаны туралы мәліметтерді тапсырыс берушінің мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органға ұсынбауы немесе уақтылы ұсынбауы - лауазымды адамдарға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
10-2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, өнім беруші өзімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда тапсырыс берушінің өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы талап қойып сотқа жүгінбеуі немесе уақтылы жүгінбеуі - лауазымды адамдарға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.»;
Осы өзгерістер 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Жетісу облысы бойынша МКД Заң басқармасы