Date of publication: 05.04.2024 16:00
Date of changing: 05.04.2024 16:01

 

Жер қойнауын пайдаланушылардың қол қою бонусы бойынша салық міндеттемелерін орындалуы

 

Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті жер қойнауын пайдаланушылардың қол қою бонусы бойынша салық міндеттемесін орындалуы туралы келесі мәселені баяндайды.

Салық кодексінің 725-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын алу конкурсының жеңiмпазы болған немесе жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тiкелей келiссөздер негiзiнде жер қойнауын пайдалану құқығын алған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртiппен жер қойнауын пайдалануға арналған мынадай келісімшарттардың біреуiн:

      1) барлауға арналған келісімшартты;

      2) пайдалы қазбаларды өндiруге арналған келісімшартты;

      3) бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшартты;

      4) геологиялық зерделеуге арналған лицензияны;

      5) жер қойнауының кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны;

      6) кен іздеушілікке арналған лицензияны жасасқан (алған) жеке немесе заңды тұлға қол қою бонусын төлеуші болып табылады.

Салық кодексінің 726-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, Қол қою бонусының бастапқы мөлшерi жер қойнауын пайдалануға жасалатын әрбір келісімшарт үшiн мынадай мөлшерде жеке белгiленедi: кең таралған пайдалы қазбаларға, жерасты сулары мен емдiк балшыққа арналған келісімшарттар үшiн – (Қ х 0,01%) формуласы бойынша, бірақ республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және конкурс шарттары жарияланған күнге немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тiкелей келiссөздер хаттамасына қол қойылған күнге қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң 120 еселенген мөлшерiнен кем емес.

Бұл ретте, Салық кодексінің 1-бабы 1-тармағының 22-тармағында салық салу мақсатында "жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт" ұғымы – Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында белгіленген құзыретке сәйкес құзыретті орган немесе жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мен жеке және (немесе) заңды тұлға арасындағы пайдалы қазбаларды барлауды, өндіруді, бірлескен барлау мен өндіруді жүргізуге не барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылысжайларын салуға және (немесе) пайдалануға арналған не жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған шарт.

      Осы Кодекстің мақсаттары үшін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялар мен жер қойнауын пайдалану және (немесе) су пайдалану құқығын берудің басқа түрлері де жатады.

Осыған байланысты салық салу мақсатында "Арнайы су пайдалануға рұқсат" деп пайдалы қазбаларды өндiруге арналған келiсiм-шарт түсiнiледi, ал сәйкесiнше қол қойылатын бонус бойынша салық мiндеттемесi туындайды.