
Банктің Kaspi клиенттеріне белгіленген мерзімде салық есептілігін ұсыну қажеттілігі туралы push-хабарламалар жіберіледі. ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Kaspi банкпен ынтымақтастық шеңберінде салық міндеттемелерін уақтылы орындау бойынша қолайлы жағдайлар жасау мақсатында банктің салық төлеушілер болып табылатын клиенттеріне (жеке тұлғаларға, дара кәсіпкерлерге, жеке практикамен айналысатын тұлғаларға) белгіленген мерзімде салық есептілігін ұсыну қажеттілігі туралы push-хабарламаларды жолдау бойынша сервис іске қосылды.
Осы бағыттағы жұмыс Екінші деңгейдегі басқа банктермен де жүргізіледі. "Салық кодексіне байланысты Мемлекеттік кіріс органдары белгіленген мерзімде салық міндеттемелерінің орындалуына салықтық бақылау жүргізеді. Осындай бақылау шеңберінде салық төлеушіге (салық агентіне) тиісті хабарламалар, оның ішінде белгіленген мерзімде салық есептілігін ұсынбау туралы хабарлама жіберіледі.
Хабарламаны белгіленген мерзімде орындамаған жағдайда Мемлекеттік кіріс органдары салық төлеушілерге (салық агенттеріне) қатысты мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз етудің заңды тәсілдерін қолданады: банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 272-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тарту.
Көрсетілген жағдайларды барынша азайту және болдырмау мақсатында push-хабарламалар салық есептілігін жасау және табыс ету жөніндегі салық міндеттемелерін орындау мерзімі басталғанға дейін және өткеннен кейін салық төлеушілерге жіберілетін болады.