Date of publication: 27.10.2022 14:45
Date of changing: 27.10.2022 14:46

Әкiмшiлiк жаза, осыған заңмен уәкiлеттiк берiлген судья, органдар (лауазымды адамдар) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн қолданатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы болып табылады және мұндай құқық бұзушылық жасаған тұлғаны құқықтары мен бостандықтарынан осы Кодексте көзделгендей айыруды немесе олардың шектелуін қамтиды.

Әкiмшiлiк жаза құқық бұзушылықты жасаған тұлғаны заңнама талаптарын сақтау және құқық тәртiбiн құрметтеу рухында тәрбиелеу, сондай-ақ құқық бұзушының өзiнiң де, басқа тұлғалардың да жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады.

Әкiмшiлiк жаза түрлерi:

Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн мынадай әкiмшiлiк жазалар қолданылуы мүмкін:

1) ескерту жасау;

2) әкiмшiлiк айыппұл;

3) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы не нысанасы болған затты, сол сияқты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлiктi тәркiлеу;

4) арнайы құқықтан айыру;

5) рұқсаттан айыру немесе оның қолданылуын тоқтата тұру, сондай-ақ тiзiлiмнен алып тастау;

6) қызметті тоқтата тұру немесе оған тыйым салу;

7) заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзу;

8) әкімшілік қамаққа алу;

9) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу.