
2025 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қалай жұмыс істей алады?
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелуі қажет. Мұны «e-Salyq Business», «Egov Mobile» мобильді қосымшалары және Halyq Bank, Kaspi Bank, BankCenterCredit секілді екінші деңгейлі банктер арқылы жасауға болады.
Бухгалтер жалдауға мүмкіндігі жоқ, жалғыз жұмыс істейтіндер үшін «e-Salyq Business» мобильді қосымшасы негізіндегі арнайы салық режимі (АСР) қолжетімді. Қосымшаны Google Play Market және App Store арқылы тегін жүктеп алуға болады. Тіркелу үшін телефон нөмірі, ЖСН/құпиясөз немесе ЭЦҚ қажет.
Қосымша арқылы не істеуге болады?
- ЖК ретінде тіркелу;
- салықтық режимді өзгерту;
- клиенттерге чек беру;
- салық төлеу;
- анықтамалар алу және салық органдарымен хат алмасу.
«e-Salyq Business» қосымшасының көмегімен кірістер автоматты түрде есептеледі, ал салық сомасы өздігінен анықталады.
Маңызды: қосымшаны жүктеп, тіркелу арнайы салық режимін қолдануды білдірмейді! Мобильді қосымша арқылы АСР таңдаған сәттен бастап ғана режим іске қосылады.
Арнайы салық режимінің негізгі шарттары:
- Табыстан 1% жеке табыс салығы (ЖТС), салықтық кезең – ай;
- Кіріс чектер негізінде тіркеледі;
- Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау үшін көрсетілген қызметтерге төлем түсетін кәсіпкерлік банк шотын онлайн режимде ашуға болады;
- Міндетті төлемдер (БЖЗҚ жарнасы, әлеуметтік аударымдар, МӘМС төлемдері) автоматты түрде есептеледі, төлеу мерзімі – айдың 25-іне дейін.
Осылайша, мобильді қосымша негізіндегі АСР – қызмет көрсету саласы үшін ең тиімді режим. Ол есеп-қисапты жеңілдетіп, қателіктерден сақтап, салықтық жүктемені азайтады. Кәсіпкерге тек салықты уақытында төлеу ғана қалады – қалғанын қосымша өзі есептеп береді.