Жарияланған күні: 08.01.2025 12:31
Өзгертілген күні: 08.01.2025 12:37

АЯҚ КИІМ ӨНІМДЕРІН ТАҢБАЛАУ

 

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті аяқ киім өнімдерін таңбалау мәселесі бойынша ақпаратты ұсынады.

Қазіргі уақытта ішкі тұтыну үшін шығаруға арналған кедендік рәсім (ИМ-40) бойынша жалпы құны 6,3 млн АҚШ долларын құрайтын 380 мың жұп аяқ киім ресімделді.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Индустрия және құрылыс министрінің міндетін атқарушының 2024 жылғы 26 қарашадағы №404 бұйрығымен Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылғы 30 қыркүйектегі №518 «Аяқ киім өнімдерін таңбалау және қадағалау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізілді.

Аталған өзгерістерге сәйкес, импорттаушы және уәкілетті экономикалық оператор Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өндірілген аяқ киім өнімдерін Қазақстан Республикасының аумағына әкелгенге дейін немесе оларды ішкі тұтыну үшін шығару немесе кері импорттау кедендік рәсімдеріне орналастырғанға дейін таңбалауды қамтамасыз етеді.

Уәкілетті экономикалық операторды қоспағанда, импорттаушыға аяқ киім өнімдерін өз қойма жайларында таңбалауға рұқсат етіледі. Аталған қойма жайлары таңбалауға жататын аяқ киім өнімдерін ішкі тұтыну үшін шығару немесе кері импорттау рәсімдеріне орналастырғаннан кейін таңбалауға рұқсат етілген қойма жайларының Тізбесіне енгізілуі қажет (бұдан әрі – Тізбе).

Алайда, уәкілетті орган Тізбені бекітпеген.

Осыған байланысты, жоғарыда аталған Тізбе бекітілгенге дейін импорттаушылар аяқ киім өнімдерін Қазақстан Республикасының аумағына әкелгенге дейін немесе оларды ішкі тұтыну үшін шығару немесе кері импорттау кедендік рәсімдеріне орналастырғанға дейін таңбалауды қамтамасыз етуі қажет екенін хабарлаймыз.