
Шартты түрде шығарылған тауарларды бақылау
«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 8-бабына сәйкес тауарлар тыйым салулар мен шектеулер сақтала отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізіледі және (немесе) кедендік рәсімдермен орналастырылады.
Сонымен қатар Кодекстің 202-бабына сәйкес шартты түрде шығарылған тауарлар шетелдік тауарлар мәртебесіне ие болады және осындай тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесін алғанға дейін кедендік бақылауда болады.
Техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестікті растау, шартты түрде шығарылған тауарларға қатысты техникалық реттеу бөлігінде тыйым салулар мен шектеулерді сақтау қағидаларына сәйкес декларант өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжат туралы мәліметтерді ұсынған сәттен бастап мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды тұлғалары ұсынылған мәліметтерді берілген сәйкестік сертификаттарының және тіркелген сәйкестік туралы декларациялардың бірыңғай тізілімімен (бұдан әрі – Бірыңғай тізілім) салыстырып тексеруді жүзеге асырады.
Техникалық регламенттер талаптарына сәйкестікті, техникалық реттеу бөлігіндегі тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын растау оларға қатысты тыйым салулар мен шектеулер "Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырған күннен бастап күнтізбелік 60 (алпыс) күн ішінде жүзеге асырылады және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тауарлар шығарылғаннан кейін (шартты түрде шығару) расталады.
Сондай-ақ Қағидалардың 5-тармағына сәйкес мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды тұлғалары бірыңғай тізілімде декларант ұсынған мәліметтер болған кезде тауарларға арналған декларацияда (бұдан әрі – ТД) көрсетілген мәліметтерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу арқылы шартты түрде шығарылған тауарларға қатысты техникалық реттеу бөлігінде тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын растайды, бұл ретте шартты түрде шығарылған тауарлар ТД түзетулері тіркелген күннен бастап Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесіне ие болады.
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша шартты түрде шығарылған тауарларға арналған декларация саны 2 097 құрайды, оның ішінде 1 561 ТД шартты түрде шығару аяқталған,175-растау құжаттарын ұсыну мерзімі аяқталмаған,361-сертификаттарды ұсыну мерзімі бұзылған.
Өткен 2022 жыл ішінде 323 әкімшілік материал толтырылды,оның 286-сы«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы»Қазақстан Республикасы Кодексінің(бұдан әрі-ӘҚБтК)538-бабының 1-бөлігі негізінде сомасы 8 729 550 теңгеге және 37-сі ӘҚБтК-нің 553-бабы бойынша 12 711 550 теңгеге тартылды.